РУХАНИ БАСТАУҒА АПАРАР ЖОЛ

13.02.2018

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен, азаттық пен білім қажет» деп айтқан еді. Біздің ел – азаттық алған, тәуелсіздікке қол жеткізген, еркін ел. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық» деп, еліміздің болашақ бағдарын белгілеп берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімнің маңыздылығын былайша айқындап берді: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Баяғының қарттары енді ғана ес біліп келе жатқан немерелерін алдына алып, өнегелі өсиеттерді ақылды аңыз, есті ертегі түрінде жастайынан келер ұрпақтың құлағына сіңіре береді екен. Сондай кемеңгер қариялардың бірі немересіне өмір сырын былай деп айшықтап айтыпты:

– Әр адамның көкірегінде екі қасқырдың өзара тайталасына ұқсас тартыс жүріп жатады. Оның бірі күншілдік, қызғаныш, өзімшілдік, өтірік сияқты жаман қасиеттерді бейнелесе, екіншісі – сенім, шындық, мейірім, адалдық секілді жақсы қасиеттерді бейнелейді. Бұл екі қасқыр сәт сайын, қадам сайын айқасып, өмір бойы күресумен болады.

Сонда зерделі немересі атасының сөзін бөліп, былай деп сұрапты:

– Ал ең соңында қай қасқыр жеңеді?

Атасы сәл ойланып, немересінің пайымдылығына сүйсіне отырып, жауап беріпті:

– Сен қайсысын көбірек қоректендірсең, сонысы жеңеді.

Иә, өмірде ақ пен қара, жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрыс, оң мен терістің тартысы қатар жүреді. Алайда, осыдан адаспайтын, тура, ақиқат жолын табу үшін адамның ажырата білу деңгейі ашық болуы керек. Ол үшін адам «бәрін де жүрекке бағындыруы» тиіс. Ұлы Абай атамыз өзінің Он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» – деп айтқан. Ал, ендеше келешек ұрпаққа лайықты қасиеттерге ие болу үшін қандай білім қажет?! Ол – рухани-адамгершілік білімі. Мұны қазіргі таңда әлем мойындап, рухани даму жолын таңдап, соған бетбұрыс жасап отыр. Қазіргі өзгермелі ақпараттық әлемде білім беруді білімнің теориялық жиынтығы деп қарау мүмкін емес.

Ең маңызды құндылық және қоғамның басты капиталы адам болып тұрған жағдайда білім беру жүйесінің мақсаты мен жемісі адам интеллектісі мен тұлғасы болуы тиіс. Қазіргі уақытта заманауи технологияның арқасында ақпараттарға қол жеткізу біршама жеңілдеді, үйде отырып-ақ интернетті пайдаланып, кез келген арнайы білімді алуға болады. Осыған сәйкес қазіргі білім беру қызметі адамды белгілі бір білім көлемімен «толтыру» емес, білім алушылардың заманауи ойлауы мен тұлғасын дамытуды қалыптастыру болып отыр. Заманауи қоғамға адамгершілікті, іскер, ашық, кеңпейілді, жаңа білімді игеруге, стандартты емес шешімдерді өз бетінше қабылдауға бейім адам керек. Ең бастысы, өзінің өмірлік мұратын түсінетін адам болуы тиіс. Заманауи білім одан да зорғысын бере алуы керек, яғни адамды рухани-адамгершілік тұрғысынан дамыта алатын болуы қажет.

Рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын еліміздің білім беру жүйесіне алғаш рет ұсынған еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы Назарбаева болатын. Осы рухани-адамгершілік білім беру идеясы Сара Алпысқызының «Ғасырлар тоғысында біз кенеттен тәрбиенің басты мақсаты – баланы компьютер басуға үйретіп, ептеп ағылшынша сөйлету деп санадық. Міне, сөйтіп жаңа формацияның адамы да даяр. Ал бұл «прогресс» ұрпағы қайырымдылықты зұлымдықтан ажырата алмайтыны, жақын жандардың жан ауыртпашылығын түсініп, бөлісе алмайтыны бізді селт еткізбейді» деген алаңдаушылығынан туындаған еді.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы адамгершілік, имандылық, тазалық, ізгілік тақырыбында ой толғаған «Өмір әдебі» («Өмір әдебі», 2003 жыл) деп аталатын еңбегінде «Ғасырлар бойы әр елдің халықтары осы біз кімбіз, не үшін өмір сүріп, қайда кетеміз, өміріміздің мағынасы неде, басты адами бағдарларымыз қандай болуы тиіс?» деген сауалдар төңірегінде іздене отырып, «тіршіліктің осынау мәңгілік сұрақтарына жауап беру үшін жалпыадамзаттық құндылықтарды қайта жандандырып, өзіміздің бастапқы қайнар көзімізге оралу керектігіне бір сәт те күмәнданбайтынын» айтады. Сондай-ақ Сара Алпысқызы «Руханияттың кәусар бұлағына апаратын жолды іздеу – бүгінгі таңда өмір сүріп келе жатқан адамдардың әрқайсысының және баршамыздың басты міндетіміз» екенін көрсете келе, «Жаңа ғасырдың басында ересектер өміріне қадам басқан жас жеткіншектер бұрынғыдай емес, мүлде басқа өмірге бейім болуы керек. Білімді адам санатында аталуы үшін қазіргі жасөспірімге негізгі пәндерді жан-жақты игеру және жақсы талдау қабілетінің болуы аздық етеді. Ол өмірдің барлық шытырмандарын пайымдай білуі, кез келген тығырықтан парасатпен абыройлы шыға алуы тиіс» деп, өзін-өзі тануда, өмірді тануға жаңаша бағытта қарау керектігін меңзейді.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұны арқылы балаларды биік адамгершілік рухта тәрбиелеуді мақсат тұтады. Адами ізгі қарым-қатынастарға, яғни адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен табиғат, адам мен әлем арасындағы қарым-қатынастарға үйретуде «Өзін-өзі тану» пәнінің маңызы ерекше. Осы пән арқылы әрбір балаға өзін рухани болмыс, табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінуіне ықпал етіп, өз бойындағы тумысынан салынған жалпыадамзаттық құндылықтарды (ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау) олардың көрінісі болып табылатын адамгершілік қасиеттері арқылы күнделікті өмірінде, түрлі жағдаяттарды қолдана алуға баулу жүзеге асырылады. Ол үшін әрбір бала өз ар-ұждан дауысына сай өмір сүретін, ойы, сөзі, ісі бірлікте болып, өзінің әлеуметтік рөлі мен өмірлік мұратының мәнін ұғатын, барлығына риясыз сүйіспеншілігін арнай алатын, қоғамға риясыз қызмет ететін тұлға болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының білім беру жүйесіндегі өзектілігі арта түседі.

Осындай күрделі де, жауапты міндетті «ізгі ақыл» мен «жылы жүректі» ұстаздардың балалармен сүйіспеншілік, өзара түсіністік, сыйластық, ынтымақтастық жағдайында ғасырлар бойы жинақталған адамзаттың рухани мұрасымен сусындатып, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге, елін сүйген, адал азамат болуға тәрбиелеуі білім берудің шынайы мақсаты болып табылады.

Ақиқат, дұрыс әрекет, тыныштық, сүйіспеншілік, қиянат жасамау сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды жете түсінгісі келетін кез келген адам, осы құндылықтарды іс жүзінде қолданып, оларды адал ниетпен және ақ пейілмен таратса, сол адамды нағыз кемел адам деп атауға болады. Ендеше еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы Назарбаеваны «кемел адам» деп атаған орынды. Өйткені Сара Алпысқызы еліміздің білім беру жүйесіне алғаш рет рухани-адамгершілік білім беру идеясын ұсынған және осы уақытта «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы ретінде оның жүзеге асырылуына үлкен қолдау көрсетіп, қажырлы еңбек сіңіріп, орасан зор еңбек етіп отыр.

Алтын жүректі анамыз Сара Алпысқызы – мейірімділік пен қайырымдылықтың жаршысы. Қамқор анамыздың еңбегіне ел риза болып, шапағатын көрген жұртшылық шын жүректен алғыстарын жаудырып, үнемі ыстық ықыластарын білдіріп жатады.

Сара Алпысқызының ұстанымы – жас ұрпақты барша адамзат баласын сүюге, таза жүректі болуға, қайырлы іс жасауға шақыру. Осындай ізгі тілектің, игілікті істің үлгісін өзі көрсетіп келеді. Сара Алпысқызы өскелең ұрпақтың сүйіспеншілік, қайырымдылық, жақсылық құндылықтарын өмірлеріне арқау етіп, бақытты ұрпақ болып өсуіне тілектестік білдіріп, зор үміт артады.

 

Рабиға ІЗҒҰТТЫНОВА,

«Бөбек» ҰҒПББСО,

Адамның үйлесімді дамуы

институтының жетекші

ғылыми қызметкері,

педагогика ғылымдарының

кандидаты

 

Материал “ЕгеменҚазақстан” газетінде жарияланған, № 29, 2018 ж. 12 ақпан