«Өзін-өзі тану» пәніне ризамын

08.09.2020

Құрметті Сара Алпысқызы!

Қазіргі заманда «Өзін-өзі тану» гимназиясы, балабақшасы еліміздегі ең бір таңдаулы, уақыт талабына сай оқу орны, жас сәбилерді тәрбиелейтін орталық болып тұр. Онда көптеген жеткіншектер білім алып, тәрбие көріп, жоғарғы оқу орындарына түсіп, осы уақытта Қазақстанның өркендеп өсуіне,  көркеюіне өздерінің зор үлестерін қосып жүр.

«Бөбек» орталығында өз істерін жетік білетін,  қызметін  жақсы меңгерген мұғалімдер, тәрбиешілер және басқа да мамандар жұмыс істейді. Жас балаларды, оқушыларды орталыққа қабылдау әрекеттері дұрыс жолға қойылған. Мұнда дарынды сәбилер, оқушылар тәрбие алып, білімдерін жетілдіріп жатыр. Өзін-өзі тану әдістемесі  жақсы дамыған, оған байланысты заманға  сай  кітаптар, оқулықтар, әдістемелік  құралдармен жеткілікті қамтамасыз етілген.

 

Аса қадірменді Сара Алпысқызы!

«Бөбек» орталығын құрып, көптеген жас  оқушылар мен сәбилерді тәрбиелеп, оқытып, еліміздің келешегінің  дамуына  сіздің қосқан  үлестеріңіз орасан зор!  Сондықтан да ата-аналардың сізге деген ризашылығы шексіз.

Алдағы келе жатқан  туылған күніңіз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, береке-бірлік, қызметіңізге табыс тілейміз!

    Зор құрметпен, Шаяхметовтар әулеті.

 

Байменова Аружан, 6 «Ә» сынып.

  Сара апа

Барлық бала анасы Сара апа!

Жақсылардың жақсысы Сара апа!

Жақсы жаман не екенін   білдірткен

Бізге берген тәлім тәрбие Сара апа!

Арнаймын бұл өлеңді Сара апаға,

Жасайды бар жақсыны ұрпағына.

Сол ұрпағы көреді де жақсылықты,

Үйретеді кішкентай періште балаларға.

Сара   апамның

Мектебінде  оқимын.

Ұстазымның  әр сөзін,

Көңіліме тоқимын.

Жақсы  оқып келемін,

Сабақтан  да  қалмаймын.

Осы  өлең жолдарын,

Мектебіме  арнаймын.

Өзін-өзі тану» сабағының маңызды бөлігі – шығармашылық жұмыс. Бізге сурет салу, макеттер, коллаждар, өлең, әңгіме құрастыру, эссе жазу секілді түрлері қатты ұнайды. «Өзін-өзітану» пәні- сабақтың мақсат, міндетін ашуға, сабақта берілетін құндылықтарды түсінуге, талдауға, ұғынуға, пәнге деген қызығушылығымызды арттыруға, берілген тапсырманы орындауға, өз ойымызды түйіндеуге, рухани- адамгершілік құндылықтарды терең түсініп, болашақ бағыт-бағдарымызды айқындауға көмегі орасан зор пән. «Өзін-өзі тану» Сабағы өте қызықты өтеді. Әсіресе шығармашылық жұмыс кезінде бізбен көп жұмыс істейді.

Бұл пән бізге еліміздің өсіп-өркендеуі үшін терең білім алып, ерінбей еңбек етіп, алдымызға мақсат пен міндет қою керектігін түсіндірді.

Осы пәнді ендірген Сара Алпысқызына алғысымыз шексіз. Сізге үлкен рахмет!

 

Шексіз алғыс айтамыз апамызға,
«Өзін-өзі тану» пәнін ендірген баршамызға.
Бақыттымыз біз міне өзіңменен,
Бойымызға бар шабытты бергізген.
Балалардың ой-санасын дамытқан,
Жаңа ақпарат, жаңа ойды дарытқан.
Шығармашылық шабытпенен танылып,
Нағыз адам екендігін танытқан.

 

М. Тайыр,
«Шілік» шағын жинақты жалпы орта
мектебінің 10 сынып оқушысы,
Отырар ауданы,
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

ӨЗІҢДІ ТАНУ – ӨМІРДІ ТАНУ

Мен «Өзін-өзі тану» пәнін ерекше жақсы көремін. Ұстазымыз бізге 1 сыныптан бастап осы пәннің өзге пәндерден айырмашылығы – танымдылықты арттыруда екенін айтып келеді. Біз сабақ барысында қоршаған ортаны, қоғамды тануды, араласуды білдік. Мейірімділік мектебі арқасында өзгені де сабырлылыққа шақыруды үйрендік. Ұстазымыздың арқасында бұл пәнде біз жаңа ақпараттарды, дәйексөзді, мақал-мәтелдерді, шығармаларды талдауды меңгердік.

Адамдармен қарым-қатынастың қаншалықты қасиетті екенін, өзге жандарды өкпелетпей өмір сурудің маңыздылығын да осы пән арқылы білдім. Мұның бәрі ұстазымыздың ізденісті жұмысының жемісі деп білемін. Осындай тәрбиелік мәні зор пәнді енгізгені ушін Сара Алпысқызына барша оқушылар атынан зор алғысымызды білдіремін!

 

Мадина Шынболатова,
Көктерек мектебінің 4 сынып оқушысы,
Казталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

 

БӘРІ ДЕ МАХАББАТТАН БАСТАЛАДЫ

Махаббат – өмір шындығы, нәрі. Абай Құнанбаев «Махаббатсыз дүние бос» деп айтқандай, біздің әрбір қадамымыз, өміріміз, күніміз махаббатпен, сүйіспеншілікпен атады. Махаббат – ғашықтар панасы, бақыты. Махаббаттың да әр түрі болады. Мысалы: ана махаббаты, ғашықтық, отанға, табиғатқа деген махаббат. Жалпы сүйе білу, жақсы көру, ғашық болу-ұлы сезім. Адам баласы махаббат үшін не істемейді?! Кім өзінің ата-анасын, Отанын жақсы көрмейді? Солар үшін жанын аямай еңбек етіп, өмірдің ыстығына да, суығына да төзіп, тіпті жанын да қиып, құрбан етеді. Осының барлығына арқау болатын күшті сезім – шынайы махаббат. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім» – дейді Абай ақын. Махаббат деген сезім адамды талай ерлікке апарады. Мысалы: Ұлы отан соғысына және талай соғыстарға қатысқан ер азаматтарға махаббатқа толы патриоттық сезім арқау болған. Махаббат адамның да, жалпы барлық нәрселердің де кемшілігін жасырады. «Сұлу-сұлу емес, сүйген сұлу» Мағжан Жұмабаев айтқандай, бұл сезім үлкен өзгерістер жасайды. Бірақ, менің ойымша, махаббаттың ең шынайысы – ана махаббаты.

Бұл сезімді бала сүйген ананың өзі де қаламмен жазып, ауызбен айтып тауыса алмайды.

 

Мариям Егінбай
Малыбай мектебінің
9 сынып оқушысы
Лебяжі ауданы,
Павлодар облысы

 

САРА АПАҒА

 

Қазақтың тау мен даласын,

Атырау, Алтай арасын.

Мейірімге толтырған,

Бөбектердің анасы!

 

Жылы жүрек іздеген,

Үміттерін үзбеген.

Жарым көңіл сәбилер,

Бақытты екен сізбенен!

 

Мейірініз шырындай,

Адамдықтың шыңындай.

Жүректерге жып-жылы,

Ана шуақ нұрындай

 

Жетімдерді жебеген,

Әлсіздерді демеген.

Айпара ана сияқты,

Келе жатқан көнеден.

Адалдықтың киесі,

Жылы-жүрек иесі.

Көрген жандар шарапат,

Сізге басын иеді.

 

Салауатты таңы деп,

Ізгіліктің жаны деп.

Бүкіл елге үндедің,

«Өзіңді-өзің таны»- деп.

Жоқтаушысы жалғыздың,

Кеудеңізде жалғыз мұң.

Жетімдерді жылатпай,

Қалашықта салғыздың.

 

Толғандырған талайды,

Ойландырған маңайды.

Мәселелер шешіліп,

Шуақ Сізден тарайды.

 

Атқан шуақ таң күліп,

Кетті әлемге жаңғырып.

Өзіңіздей Анамен,

Болсын елім-мәңгілік!

 

Ақпанның он екінші жұлдызында,

Дүниеге келген екен асыл ана.

Ұрпағына арнаған жан дүниесін.

Қайталанбас бір тұлға Сара ана.

 

Күн нұрындай төгетін мейірімін,

Шуақ шашып өзінің ұрпағына.

Махаббат, мейірімділік, пәк сезімін,

Арнады ақ тілегін барлық жанға.

 

74-ке толдыңыз Сара анашым,

Күш-жігерің ешқашан таусылмасын.

Әлемнің бар бақытын тілеп сізге,

Арнайды барлық бала ықыласын.

 

74 жасқа толды, асыл ана

Қалдырды ұрпақтарға асыл қазына.

Бар балаға дарытқан жан жылуын,

Құтты болсын Сара ана туған күнің!

 

Қалжан Бақтыбаева,
№203 орта мектептің
«Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі,
Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылы

Бөбек менің жүрегімде

Бөбек маған қатты ұнайды. Біз әр сәрсенбіде Алматы қаласының әсем жерлеріне саяхат жасаймыз. Осы Бөбекті ашқан Сара Алпысқызына алғысым шексіз. “Өзін-өзі тану” оқу сауықтыру кешені мен үшін баға жетпес сый. Бөбекте біздің бар жағдайымыз жасалған. Бөбек сауықтыру кешенінде хауыз, емдік іс-шаралар, мерекелер, түрлі қызықты ойындар, қызықты сабақтар өтіледі. Бөбекте жалпыадамзаттық бес құндылық ережесімен жүреміз. Олар: ақиқат, сүйіспеншілік, ішкі тыныштық, дұрыс әрекет, қиянат жасамау.Бұл бес құндылықты бізге тәлім-тәрбие беретін ұстаз, тәрбиешілеріміз үйретеді.  Бөбекте әр апта сайын жарыстар, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырады. Бөбек мәңгі менің жүрегімде сақталады.

Ошал Мадина

Павлодар қаласы

 

Бөбек- мейірімділік мекені

Қыс мезгілі. Мен Бөбекке келдім. Басында біраз ыңғайсыз болды. Дегенмен қазіргі сәтте үйреніп кеттім. Бөбек менің екінші үйім. Оның ішіндегі тәрбиешілер анамдай болып кетті. Бөбекті құрған  Сара Алпысқызына алғысым шексіз. Сара Алпысқызының алдына барып, рахметімді айтқым келеді. Бөбек өте көркем. Оның ішінде болсаң уайым, қайғыны ұмытасың. Бөбектің ішінде көптеген қызықты нәрселер бар. Күн сайын емдік іс-шаралар, қызықты ойындар, мерекелік кештер болады. Әр сәрсенбі сайын біз қыдырамыз. Бұл Бөбекте тамақтары да өзгеше. Өйткені аспаздардың қолдары алтын. Мен Бөбектен кеткім келмейді.  Бөбек маған қатты ұнады. Менің осы жерде өтіп жатқан әр күнім көңілді өтуде. Бөбек кешенінде еңбектеніп жүретін апайларға рахметімді айтамын. Бөбек әрқашан менің жүрегімде болады.

Рахымғали Арай

Павлодар қаласы